Жаңалықтар

«Қарғысты қайтарамыз» деген балгерлер 78 жастағы қарияның 15 млн теңгесін алдап алған

Қарағандыда өзін емші әрі балгер ретінде таныстырған үш әйел 78 жастағы зейнеткерді алдап, 15 миллион теңге ақшасы мен алтын бұйымдарын иемденген,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Polisia.kz мәліметінше, күдіктілер 2025 жылдың желтоқсанында қарияны көшеде тоқтатып, оған «ескі қарғыс» бар екенін айтып сендірген. Олар түрлі ырым-жоралғы жасап, қарғыстан арылу үшін барлық ақшасы мен алтын бұйымдарын газетке орап беруді сұраған.

Оның орнына мөрленген түйіншек беріп, оны 40 күннен кейін ғана ашуды тапсырған. Алайда зейнеткер түйіншекті сол түні ашқанда, ішінде бос қағаз ғана болған.

Жәбірленушінің сипаттамасы бойынша полицейлер күдіктілерді Теміртауда ұстады. Олар Павлодар, Алматы қалалары мен Жетісу облысының тұрғындары болып шыққан. Қазір олардың осыған ұқсас өзге алаяқтықтарға қатысы тексеріліп жатыр.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.