«Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» фильмдерінің авторы өмірден өтті
Қазақстанның белгілі кинорежиссері, сценарист әрі педагог Ардақ Әмірқұлов өмірден озды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі растап, марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, әріптестері мен шәкірттеріне, сондай-ақ барша қазақстандықтарға көңіл айтты.
Ардақ Жамансарыұлы қазақ киносының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғалардың бірі саналады. Ол режиссерлік қызметімен қатар, жас кинематографистерді тәрбиелеуге де айрықша үлес қосып, көптеген шәкірттің кәсіби қалыптасуына ықпал етті.
Оның «Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» секілді көркем фильмдері ұлттық киноның үздік туындыларының қатарына енді. Бұл шығармалар тарихи тақырыптарды, ұлттық құндылықтар мен адам тағдырын терең әрі көркем бейнелеуімен ерекшеленді.
Ардақ Әмірқұловтың шығармашылық мұрасы мен қазақ кино өнеріне қосқан қомақты үлесі кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала береді.