Әлемде

TikTok-та 600 мың оқырманы бар блогерді тікелей эфирде атып өлтірді

TikTok әлеуметтік желісінде шамамен 600 мың оқырманы бар мексикалық блогер Сесар Гастелумды сейсенбі күні достарымен бірге тікелей эфир жүргізіп тұрған жерде атып кетті,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Жұрт Гастелумды көбіне әзілге құрылған бейнелерімен танитын. Қайғылы сәтте ол серіктерімен бірге Кулиакан қаласындағы мейрамхананың маңында эфирге шыққан болатын. Сол кезде мотоцикл мінген екі адам келіп тоқтап, олардың жанына жақындаған соң, тапаншадан Гастелумға оқ атқан.

Reuters мәліметінше, каска киген екі адамның бірі дәл блогердің өзіне көздеп атқан. Оқиға тікелей эфир кезінде түсіріліп қалған. Гастелумның TikTok парақшасына салынған соңғы видеосын 3,2 млн адам көрген.

Мексика билігі Сесар Гастелумның қайтыс болғанын растады. Бұл жағдай Кулиакан қаласында бәсекелес қылмыстық топтар арасындағы қақтығыс шиеленісіп тұрған шақта болды.