Кипрде бойжеткенді пышақтап кеткен: Қазақстан СІМ мән-жайды айтты
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кипрде пышақ жарақатын алған бойжеткеннің Қазақстан азаматы емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, зардап шеккен Жанерке Абдразакова Қазақстанда дүниеге келгенімен, қазіргі уақытта Қырғыз Республикасының азаматы.
«Мәліметтерді нақтылау барысында зардап шеккен азаматтың Қазақстанда туғаны, алайда оның Қырғыз Республикасының азаматы екені анықталды», – делінген СІМ хабарламасында.
Бұған дейін Солтүстік Кипрдің Никосия қаласындағы супермаркеттердің бірінде бойжеткенге пышақпен шабуыл жасалғаны белгілі болған еді.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, оқиға бүгін шамамен сағат 11:45-те болған. Әзірге белгісіз себеппен ер адам бойжеткенге бірнеше рет пышақ сұғып, кейін өзіне де дене жарақатын салған.
Зардап шеккендер Бурхан Налбантоғлу атындағы мемлекеттік ауруханаға жеткізілді. Соңғы мәлімет бойынша, Жанеркенің жағдайы өте ауыр, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысып жатыр. Ал шабуыл жасаған күдікті де дәрігерлердің бақылауында.