Жаңалықтар

«Ұят жоқ сенде»: Нұрай Серікбайдың ісі бойынша сот отырысында қызу тартыс болды

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 4 тамыздағы сот отырысында марқұмның әкесі мен сотталушының әкесі арасында сөз таласы болды. Сондай-ақ сотта айыпталушы Шерхан Аймаханның анасы куәлік берді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Сот залындағы жанжал

Марқұм Нұрайдың әкесі Бауыржан Сағымбек қайғылы оқиғаға дейін бірнеше рет сотталушының әкесі Әлмахан Макеновке жүгінгенін айтты. Оның сөзінше, ол ұлы Шерханға ықпал етіп, Нұрайды мазаламауын сұраған.

Өз кезегінде Әлмахан Макенов жастардың жеке қарым-қатынасына араласа алмағанын мәлімдеді. Алайда Нұрайдың әкесі оның кезінде уәде бергенін еске салды.

– Ұят жоқ сенде. "Балам қызыңа жоламайды, уәде берем" дедің, – деді Бауыржан Сағымбек.

– "Сезіміне жауап бермеймін" деп сол кезде де айттым», – деп жауап берді Әлмахан Макенов.

Сотталушының анасы не деді?

Сот барысында Шерхан Аймаханның анасы Айгүл Макенова да жауап берді. Оның айтуынша, Нұрай келін болуға өз еркімен келіскен, содан кейін ғана оған орамал жабылған.

– «Үйге кіріп, тамағын ішіп, қолхат жаздырып… Қасымбек Датқа ауылына барып келді. Өзі киініп келді. Нұрайдан "орамал жапсам бола ма?" деп екі рет сұрадым. Келіспесе салмайтын едік», – деді ол.

Сондай-ақ Айгүл Макенова Нұрай үйіне кеткеннен кейін Шерхан Аймаханның бір рет өзіне қол жұмсамақ болғанын айтты.

– «Бір-біріне ғашық болды ғой», – деді сотталушының анасы.

Жәбірленуші тарап кейбір куәгерлердің жауабына қарсылық білдіріп, Нұрай Серікбайды «келін» деп атамауды талап етті.

Еске салайық, Шымкентте 2026 жылғы 11 қаңтар кешінде 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап кеткен. Күдікті оқиға орнынан қашып, екі күннен кейін ұсталған. Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр.