«Еңбек қауіпсіздігін көтергенім үшін жұмыстан шығарды»: «Қазақмыс» қызметкері президенттен көмек сұрады
Балқаш мыс балқыту зауытының бұрынғы қызметкері Айдос Алин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жариялап, өзін жұмыстан негізсіз босатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оның айтуынша, еңбек қауіпсіздігіне қатысты заңбұзушылықтарды көтергеннен кейін басшылық тарапынан қысымға ұшырап, ақыры қызметінен айырылған.
Алиннің сөзінше, ол Kazakhmys Smelting ЖШС-не қарасты Балқаш мыс балқыту зауытында шамамен 25 жыл еңбек еткен. Осы уақыт ішінде өндірістегі еңбек қауіпсіздігіне қатысты бірқатар сәйкессіздікті байқап, басшылыққа бірнеше мәрте хабарлаған. Алайда мәселені шешудің орнына өзіне қысым көрсетілгенін айтады.
Оның мәліметінше, күнделікті наряд-тапсырмаларға қызметтік міндетіне кірмейтін қазандықтардың газ импульстерін тазалау жұмыстары енгізілген. Ал қолданыстағы еңбек қауіпсіздігі қағидалары бойынша қызметкерді лауазымдық нұсқаулығында қарастырылмаған жұмыстарға тартуға болмайды.
«Бұл қайшылықты жойып, лауазымдық нұсқаулықтарды нақты атқарылатын жұмыстарға сәйкестендіруді бірнеше рет сұрадым. Бірақ құжаттарды түзетудің орнына өтініштерім назардан тыс қалды», – дейді Алин.
Оның айтуынша, осы мәселелерді көтере бастағаннан кейін разряды төмендетіліп, негізсіз іссапарларға жіберілген. Сонымен қатар дәлелді себептері болғанына қарамастан жұмысқа келмеді деген актілер толтырылған.
Бұрынғы қызметкердің сөзінше, 2025 жылғы 7 қазанда ол кезекті наряд-тапсырмаға қол қоюдан бас тартқан. Себебі құжатқа тағы да өзінің лауазымдық міндетіне кірмейтін жұмыстар енгізілген.
«Мені жұмыстан шығарардың алдында жұмыс беруші лауазымдық нұсқаулығыма өзгеріс енгізді. Бұған дейін дау тудырған жұмыстар сол құжатқа қосылды. Бірақ өз қателігін мойындаудың орнына мені еңбек қауіпсіздігін бұзған қызметкер ретінде көрсетті», – дейді ол.
Айдос Алин апелляциялық сотта да бұл жайттарға тиісті құқықтық баға берілмегенін алға тартады. Оның пікірінше, ірі компанияның мүмкіндігі қарапайым қызметкермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Осыған байланысты ол Президенттен құзырлы мемлекеттік органдарға өзінің өтінішінде көрсетілген жайттарды жан-жақты тексеруді, жұмыс берушінің жергілікті нормативтік актілеріне құқықтық баға беруді, жұмыстан шығарудың заңдылығын қайта қарауды және анықталған кемшіліктер үшін жауапкершіліктің неге тек қызметкерге жүктелгенін анықтауды сұрады.
Балқаш мыс балқыту зауыты – Kazakhmys Smelting ЖШС құрамындағы Қазақстандағы ірі металлургиялық кәсіпорындардың бірі. Ол «Қазақмыс» тобына кіреді және мыс концентратын өңдеп, катодты мыс пен басқа да ілеспе өнімдерді өндіреді.
Еске салайық, жуырда Ұлытау облысындағы «Қазақмысқа» қарасты бірнеше кеніштің жұмысшылары ереуілге шығып, жалақыны көтеруді және компания басшылығындағы өзгерістерді талап еткен болатын. Бұл оқиға компанияның жаңа меншік иесі Нұрлан Артықбаев басқаруға келгеннен кейінгі қайта ұйымдастыру кезеңімен тұспа-тұс келді.