Бруклин көпіріне Қазақстан туын ілген ер адам өзенге секіріп кетті
Нью-Йоркте 44 жастағы ер адам Бруклин көпірінің мұнараларының біріне шығып, бірнеше туды, соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік туын ілген. Кейін ол шешініп, Ист-Ривер өзеніне секірген. Бұл туралы New York Post басылымы жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
New York Post басылымы мәліметінше, оқиға 2 тамыз күні күндіз Манхэттен жағындағы Бруклин көпірінің мұнараларының бірінде болған.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері ер адамды төмен түсуге көндіруге тырысқан. Алайда ол тәртіп сақшыларының талабына бағынбай, шамамен 85 метр биіктіктен Ист-Ривер өзеніне секіріп кеткен.
Порт әкімшілігі полициясының қызметкерлері оны судан жедел шығарып алып, Bellevue ауруханасына жеткізген.
АҚШ бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ер адам аман қалған. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Көпірге ілінген тулардың арасында Қазақстанның мемлекеттік туы да болған. Сонымен қатар жазуы бар тағы бір ту немесе мата ілінген, алайда ондағы мәтінді әзірге анықтау мүмкін болмаған.
Ер адамның жанынан ешқандай жеке басын куәландыратын құжат табылмаған. Дегенмен оның жеке басы анықталған. Алайда азаматтығы, бұл әрекетке не себеп болғаны және Қазақстанмен қандай да бір байланысының бар-жоғы әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.