Жаңалықтар

Астанада көші-қон қызметі басшысының орынбасары ұсталды

Астана қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлия Мақаева қылмыстық іс аясында ұсталды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Желіде полиция қызметкерінің заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ тергеу шетел азаматтарына тұруға ықтиярхаттарды заңсыз рәсімдеу фактілеріне байланысты болуы мүмкін екені хабарланды.

Бұдан бөлек, бұл қылмыстық іс бойынша бірнеше мемлекеттік органның өкілдері де күдікті ретінде қарастырылып жатқаны айтылды. Тергеуді Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бірлесіп жүргізіп жатыр.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК баспасөз қызметінің ресми жауабында.

Ішкі істер министрлігі заңдылық пен қызметтік тәртіпті қамтамасыз ету бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

«Басты басымдықтардың бірі – құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау және жолын кесу, сондай-ақ заң талаптарын бұзған қызметкерлерден құқық қорғау органдарының қатарын тазарту. Анықталған әрбір факті бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Бұл жұмыс уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізіліп, заңдылықты қамтамасыз етуге, қызметтік тәртіпті нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған», – деп хабарлады ІІМ.

Министрліктің мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Ұлттық қауіпсіздік органдары ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп жүргізіп жатыр.