Білім

ЖИ дәуірі: Қазақстанда қандай мамандықтар жойылуы мүмкін?

Қарқынды цифрландыру мен жасанды интеллектінің іс жүзінде барлық салаға енгізілуі жақын арада Қазақстанның еңбек нарығын адам танымастай өзгертуі мүмкін, деп хабарлайды buginmedia.kz.

HR және мемлекеттік қызмет саласындағы Qazaq Expert Club сарапшысы Асқар Есімсейітовтің айтуынша, цифрландыру еңбек нарығын қазірдің өзінде түбегейлі өзгертіп жатыр. Көптеген қызмет пен операция толықтай электронды форматқа көшті. Ал міндеттер цифрлық жүйеге ауысқан сайын, бұрын оларды қолмен атқарып келген мамандарға деген сұраныс азая береді.

«Әңгіме кассирлер, банк операционистері, деректерді енгізу мамандары, әкімшілік қызметкерлердің бір бөлігі және колл-орталықтардың алғашқы желісінде жұмыс істейтін қызметкерлер туралы болып отыр. Қазірдің өзінде жасанды интеллект клиенттердің стандартты сұрақтарына жауап беріп, құжаттарды талдап, хат жобаларын әзірлеп, көптеген қайталанатын жұмыстарды адамға қарағанда әлдеқайда жылдам орындай алады. Бұрын белгілі бір процесті атқару үшін он қызметкер қажет болса, автоматтандырудан кейін көбіне жүйенің жұмысын бақылайтын бір маман мен оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін бір IT-маман жеткілікті», – дейді Асқар Есімсейітов.

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бағалауынша, 2035 жылға қарай жасанды интеллект 14 мамандықты толықтай алмастыруы мүмкін. Бұдан бөлек, 500-ден астам кәсіптің сипаты айтарлықтай өзгереді. Ал Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай технологиялық өзгерістердің салдарынан әлем бойынша шамамен 92 миллион жұмыс орны жойылады.

Қандай мамандарға сұраныс сақталады?

Сарапшының пікірінше, өз ісін жетік меңгерген әрі жасанды интеллектіні жұмысында тиімді пайдалана алатын мамандардың құндылығы арта түседі. Бухгалтерлер, HR-мамандар, заңгерлер мен маркетологтар жұмыссыз қалмайды, бірақ олардың атқаратын міндеттері едәуір өзгереді.

Сонымен қатар клиенттермен тиімді жұмыс істей алатын және сатуды дамытатын мамандарға сұраныс сақталады. Өйткені күрделі келіссөздер жүргізу, сенім қалыптастыру сияқты міндеттерді нейрожелілер толықтай атқара алмайды.

«Инженерлер, энергетиктер, құрылысшылар, логистика, көлік, электронды коммерция саласының мамандары және білікті жұмысшыларға сұраныс жоғары деңгейде қалады. Қалаларды, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті, логистикалық орталықтар мен маркетплейстерді тек кеңсе қызметкерлері немесе жасанды интеллект арқылы дамыту мүмкін емес. Сондай-ақ адамдармен тікелей қарым-қатынасты талап ететін медицина қызметкерлері, педагогтер, психологтар, күтім көрсету және әлеуметтік қызмет мамандары да өзектілігін жоғалтпайды. Болашақта кәсіби тәжірибені, цифрлық сауаттылықты және адамдармен жұмыс істеу қабілетін қатар меңгерген мамандар басымдыққа ие болады», – дейді Асқар Есімсейітов.

Бұл өзгеріс бәріне әсер етеді

Кейбір салаларда жасанды интеллектінің ықпалы қазірдің өзінде анық байқалады. Мәселен, персоналды басқару саласында ЖИ кеңінен қолданылып, дәстүрлі HR-менеджерлердің бірқатар функциясын алмастырып жатыр. Соның нәтижесінде бұрын тұтас бөлім атқарған жұмысты бүгінде бір қызметкер нейрожелінің көмегімен орындай алады. Дегенмен қызметкерді жұмысқа қабылдау туралы түпкілікті шешімді әлі де адам қабылдауы тиіс.

Сарапшының айтуынша, қазіргі қарқынды өзгеріп жатқан әлемде аналитикалық ойлау, жаңа білімді тез меңгеру, бейімделу қабілеті және адамдармен тіл табыса білу ерекше маңызды. Тек білім жинақтау жеткіліксіз, оны тиімді пайдалана білу қажет.

"Бұл маған әсер етпейді" деп ойлау – үлкен қателік. Бұл өзгеріс іс жүзінде бәріне әсер етті. Тек біреуге қатты сезілсе, енді біреуге әзірге байқалмай жатыр. Қазірдің өзінде цифрландыру кеңсе жұмысына, саудаға, банк секторына, білім беру, медицина, мемлекеттік қызмет және өндіріс салаларына ықпал етіп отыр. Ал жасанды интеллект пен робототехниканың дамуына қарай бұл үдеріс одан әрі күшейіп, технологиялар тек зияткерлік емес, физикалық еңбектің де бір бөлігін өз мойнына алады, – деп ескертеді Асқар Есімсейітов.

Осыған байланысты сарапшы қазақстандықтарға кәсіби дағдыларын қазірден бастап қайта бағалап, алдағы жылдары еңбек нарығында сұранысқа ие болатын жаңа құзыреттерді меңгеруге назар аударуға кеңес береді.