Жұбайынан қалған төрт қызын жалғыз тәрбиелеген әке жол апатынан қаза тапты
Орал қаласында болған жантүршігерлік жол апаты 47 жастағы Роман Бондардың өмірін қиды. Марқұм бұған дейін жұбайынан айырылып, төрт қызын жалғыз өзі тәрбиелеп келген, деп хабарлайды Buginmedia.kz.
«Мой город» басылымының мәліметінше, қайғылы оқиға 27 шілде күні Деркөл кенті маңындағы айналма жолда болған.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, Lada Granta көлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Volkswagen Golf автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Соққыдан кейін Volkswagen-ге артынан келе жатқан Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусы да соғылған.
Ауыр соққы салдарынан Volkswagen жүргізушісі Роман Бондарь оқиға орнында алған жарақатынан көз жұмды.
Марқұмның туыстарының айтуынша, отбасы бұған дейін де ауыр қайғыны бастан өткерген. Өткен жылдың қараша айында Романның жұбайы тамаққа қақалып, қайтыс болған. Содан бері ер адам төрт қызын жалғыз өзі тәрбиелеп, оларды асырау үшін бірнеше жұмысты қатар атқарған. Қыздарының ең кішісі небәрі тоғыз жаста.
Туысы Светлана Витенбектің айтуынша, жол апаты болған күні Роман түскі үзілістен кейін жұмысына қайта бара жатқан. Дәрігерлер оны аман алып қалу үшін шамамен жарты сағат бойы күрескенімен, алған жарақаттары тым ауыр болған.
Марқұмның жақындары апатқа себепкер болған жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған деп мәлімдейді. Сонымен қатар, олардың айтуынша, сараптама Роман Бондардың алкоголь қолданбағанын растаған.
Туыстарының сөзінше, екінші жүргізушінің отбасы осы уақытқа дейін көңіл айтып, байланысқа шықпаған. Олар жол апатына кінәлі адамның заң алдында әділ жауапқа тартылуын талап етпек.
Қазіргі таңда Романның 22 жастағы қызы Злата кәмелетке толмаған үш сіңлісіне қамқоршы болу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуге кіріскен. Ал отбасының айтуынша, тоғыз жастағы кенже қызы әкесінің қаза болғанынан әлі бейхабар.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті аталған жол апатына байланысты соталды тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Lada көлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу аясында бірқатар сараптама тағайындалған, олардың нәтижесіне қарай процестік шешім қабылданады.