Сербияда көз жұмған қазақ қызына қатысты жаңа деректер шықты
Сербияның астанасы Белградта көз жұмған қазақстандық Амира Қанаттың өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Марқұмның туыстары оның қазасы кездейсоқ болмағанын айтып, істің жан-жақты әрі әділ қаралуын талап етуде. Ал оқиға кезінде қызбен бірге болған азамат пен оның таныстары өз уәждерін жариялады, деп хабарлайды Buginmedia.kz ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Сербиялық ақпарат құралдарының мәліметінше, қайғылы оқиға Белградтағы көпқабатты тұрғын үйде болған. Амира алтыншы қабаттағы пәтердің балконынан құлап, оқиға орнында көз жұмған. Сол уақытта пәтерде Ресей азаматы Влад Даниленко болған. Оның айтуынша, қыз ешқандай жанжалсыз балконға шығып, қоршаудан асып кеткен.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл іске байланысты Сербияның құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыста екенін хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, мән-жайды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал Қазақстан елшілігі марқұмның туыстарымен байланыс орнатқан.
Соған қарамастан, Амираның жақындары ресми нұсқаға күмән келтіреді. Олардың айтуынша, оқиғадан кейін қыздың телефоны бүлінген күйде табылған, құрылғының құпиясөзі өзгертілген және кейбір хат-хабарлар өшірілген болуы мүмкін. Сондай-ақ отбасы әлеуметтік желілерде тараған жеке күнделіктің шынайылығына сенбейтінін айтып, мұндай материал алдымен тергеу ісінің құрамында қарастырылуы керек деп есептейді.
Өз кезегінде Влад Даниленко пәтерден табылған күнделікте Амираның психологиялық жағдайына қатысты жазбалар болғанын мәлімдеп, оның кейбір беттерін әлеуметтік желіде жариялаған. Алайда бұл жазбалардың шынымен марқұмға тиесілі екені ресми түрде расталмаған.
Кейінірек оқиғаға қатысы аталған Даниэлла есімді танысы да мәлімдеме жасап, Амираның отбасымен қарым-қатынасы күрделі болғанын және эмоционалдық қиындықтарды бастан өткергенін айтты. Оның сөзінше, марқұм бұл мәселелерді өзімен бірнеше рет талқылаған.
Ал марқұмның туыстары бұл мәлімдемелермен келіспейді. Олар істегі барлық дәлел мұқият зерттеліп, тәуелсіз сараптамалар жүргізілгеннен кейін ғана нақты қорытынды жасауға болатынын айтады.
Қазіргі уақытта Сербияның құқық қорғау органдары оқиғаның барлық ықтимал нұсқасын тексеріп жатыр. Тергеу аясында жазатайым оқиға, өзіне қол жұмсау немесе қылмыстық әрекет болуы мүмкін деген болжамдар қарастырылуда. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.