Жаңалықтар

Ақтөбелік Грекияда 125 жылға сотталды

Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрхан Қадырова Грекияда сотталған ұлы Рашид Қадыровқа қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен араша түсуді өтінді. Бұл туралы Aktobetimes.kz басылымы жазды.

Анасының айтуынша, 24 жастағы Рашид Түркиядағы жұмыс туралы Instagram-дағы жарнамаға сеніп қалған. Оған Түркияға ұшақ билеті алынып, туристерді моторлы қайықпен серуендететін қызмет ұсынылған.

Алайда кейін белгілі болғандай, жігіт заңсыз мигранттарды тасымалдау ісіне тартылған. Соның салдарынан ол Грекияда ұсталып, заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген айыппен 125 жылға бас бостандығынан айырылып, қомақты көлемде айыппұл төлеуге міндеттелген.

Нұрхан Қадырова ұлының шетел тілін білмегенін, тергеу барысында оған аудармашы берілмегенін және құжаттарға не жазылғанын толық түсінбей қол қоюға мәжбүр болғанын айтты. Оның пікірінше, Рашид қылмыстық схеманы ұйымдастырушы емес, жұмыс іздеп жүріп алаяқтардың құрбаны болған.

Әйелдің сөзінше, отбасы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне бірнеше мәрте жүгінгенімен, әзірге нақты қолдау көрмеген. Қазір Рашид Қадыров іс бойынша апелляциялық немесе екінші сот отырысын күтуде.