Жаңалықтар

"Інісін атып, әпкесін ұрып өлтірген": Таиландта жоғалған бауырларға қатысты тың дерек шықты

Таиландта із-түзсіз жоғалған 22 жастағы Диана Назимова мен оның 17 жастағы інісі Романның өліміне қатысты ұсталған күдіктілер қылмыстарын мойындады. Бұл туралы  Thethaiger басылымы жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Басылымның хабарлауынша, Романға оқ атылып, ол оқиға орнында көз жұмған. Ал Диана аяусыз соққыға жығылып, алған ауыр жарақаттарының салдарынан қайтыс болған. Тергеудің алдын ала болжамы бойынша, күдіктілер қылмысты олардың мотоциклін иемдену мақсатында жасаған.

Қылмыстан кейін күдіктілер мотоциклді бөлшектеп, оның бөлшектерін жерге көміп тастаған. Сондай-ақ олар құқық қорғау органдарына марқұмдардың денесі жасырылған орынды көрсеткен. Дегенмен мәйіттердің табылғаны жөнінде әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Еске салайық, Диана Назимова мен оның інісі Роман 26 шілде күні таңертең мотоциклмен үйден шығып кеткеннен кейін із-түзсіз жоғалған еді.