Жаңалықтар

Ұлдананың анасы бұрынғы күйеу баласының қайта үйленуіне қатысты мәлімдеме жасады

Әлеуметтік желіде марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуаның өлімі мен оның бұрынғы жұбайы Зейнел Әділеттің араға сегіз ай салып қайта шаңырақ көтеруі қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты марқұмның анасы Салима Ершанкулқызы көпшіліктің сауалдарына жауап беріп, ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оның айтуынша, Әділеттің қайта отбасын құрғаны туралы отбасы алдын ала хабардар болмаған.

«Әділеттің бүгінгі іс-әрекеті бойынша алдымыздан өтті ме?» деген сұрақ көп қойылып жатыр. Жоқ, алдымыздан өткен жоқ. Ата-анасы да, үлкендері де келіп, бізбен сөйлескен жоқ», – деді Салима Ершанкулқызы.

Сондай-ақ ол қызының өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатқанын айтты. Анасының сөзінше, қазіргі таңда Зейнел Әділет іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған. Алайда ол бұл мәртебеден бас тартуы тиіс деп есептейді.

Бұдан бөлек, Салима Ершанкулқызы марқұмның өз қаражатына сатып алған автокөлік 2025 жылғы 18 қарашадан 2026 жылғы 22 шілдеге дейін Әділеттің иелігінде болғанын жеткізді. Оның айтуынша, көлік тек 22 шілдеде ғана Ұлдананың ата-анасының атына рәсімделген.

Мәлімдеме соңында Салима Ершанкулқызы қызының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін соңына дейін күресетінін айтты.