Қазақстандық журналистке іздеу жарияланды
Қазақстандық журналист әрі Insiderman интернет-жобасының негізін қалаушы Валерий Сургановқа іздеу жарияланды. Бұл туралы мәлімет Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректер базасында пайда болды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ашық деректерге сәйкес, сотқа дейінгі тергеу 2026 жылғы 30 шілдеде Астанада тіркелген. Іздеуді бастамашы орган ретінде сот көрсетілсе, іздестіру жұмыстарын елордалық Полиция департаментінің Есіл аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр. Журналистке қатысты қылмыстық іс нақты қай бап бойынша қозғалғаны әзірге жарияланған жоқ.
Валерий Сурганов – Insiderman интернет-жобасы мен «Ведомости Казахстана» желілік басылымының негізін қалаушы. Ол әр жылдары Қазақстандағы бірнеше бұқаралық ақпарат құралында қызмет атқарған.
Бұл Валерий Сургановтың қылмыстық қудалауға алғаш рет ілінуі емес. 2011 жылы Алматы қаласының Медеу аудандық соты оны жала жабу ісі бойынша кінәлі деп танып, 1,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Кейін, 2013–2014 жылдары журналистке қатысты судья Дания Кисиковаға жала жапты және сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі келтірді деген күдікпен тағы бір қылмыстық іс тергелді. Алайда кейін тараптар өзара татуласып, Валерий Сурганов кешірім сұрап, дауға себеп болған жарияланымдарын өшіргеннен кейін іс тоқтатылған болатын.