Жаңалықтар

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтерді

Астанада былтыр қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайының қайта шаңырақ көтергені әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталасқа себеп болды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Еске салайық, Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 8 қарашада шақыртуға бара жатқан кезде көпқабатты тұрғын үйден құлаған кондиционер блогының астында қалып, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, бірнеше күннен кейін ол ауруханада қайтыс болды.

Марқұмның жұбайы сол кезде әлеуметтік желіде жарының қазасына байланысты жүрек тебірентерлік жазбалар жариялап, оған деген сағынышы мен әділдікке деген талабын білдірген болатын.

Алайда арада сегіз ай өткен соң оның қайта үйленгені белгілі болды. Бұл жаңалық әлеуметтік желіде түрлі пікір туғызып, оқырмандар арасында қызу талқыланып жатыр.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жаңалыққа әртүрлі пікір білдірді. Бірі ер адамның қайта шаңырақ көтеру туралы шешімін тым ерте қабылданған қадам деп бағаласа, енді бірі оның жеке өміріне құрметпен қарауға шақырды. Пікірлер арасында: «Жылы өткенін күтпеді ме?», «8 айда әйелінің топырағы да кебіп үлгермеді ғой», «Кезінде жарына арнап әсерлі жазбалар жариялаған еді», «Бақытты болсын» деген жазбалар жарияланды.

Сонымен қатар әлеуметтік желіде ер адамның жаңа жары туралы да түрлі мәліметтер тарады. Кейбір жазбаларда оның Тараз қаласының тумасы екені айтылған. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Бұдан бөлек, желіде жаңа жұбайының марқұм Ұлдана Мырзуанның жақын араласқан құрбысы әрі әріптесі болғаны туралы да пікірлер жарияланды. Дегенмен бұл мәліметтерге қатысты ресми растау жоқ.