Жаңалықтар

Қостанайда ер адам әйелін бауыздап өлтіріп, мәйітін екі ай бойы дәретханада жасырған

Қостанай облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жұбайын өлтіріп, мәйітін екі ай бойы жасырған Батухан Тайыштықовқа қатысты үкім шығарды. Ол адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылды,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Сот материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 1 ақпанда Қарасу ауданының Жалғысқан ауылында болған. Сол күні Татьяна Тайыштықова күйеуіне оның ішімдікке салынғанын және ұзақ уақыттан бері көрсеткен зорлығына енді төзбейтінін айтып, кететінін жеткізген. Осыдан кейін ер адам оған шабуыл жасап, тұншықтырмақ болған. Артынша әйелді үйдің сыртына сүйреп шығарып, мойнына пышақ сұққан.

Қылмыстың ізін жасыру үшін сотталушы марқұмның мәйітін сырттағы әжетханаға апарып, қар мен сабанның астына көміп тастаған. Тергеу мәліметінше, кейін ол сол жерге қоқыс төгіп, әжетхананы бұрынғыдай пайдаланып жүрген.

Екі ай бойы Батухан Тайыштықов жұбайының туыстарын жаңылыстырып келген. Ол әйелінің қалаға кетіп, жұмысқа орналасқанын айтып сендірген. Тіпті осы сөзін шындыққа жанастыру үшін Қостанайдағы марқұм жұмысқа орналасуы тиіс болған мекемеге екі рет барған. Сонымен қатар іздеу жұмыстарын жалғастыру қажет деген сылтаумен әйелінің ағасынан 300 мың теңге алған.

Алайда Татьянаның әкесі полицияға қызының жоғалғаны туралы арыз бергеннен кейін қылмыстың беті ашылды. Тергеу барысында күдікті мәйітті жасырған орнын өзі көрсеткен.

Сот отырысында Батухан Тайыштықов өз кінәсін толық мойындады. Судья Жанар Тілеубаеваның айтуынша, бұл жайт жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілген. Ал ауырлататын мән-жайлардың болмауына байланысты сот оған заңда көзделген ең жоғары жаза – 15 жыл бас бостандығынан айыру мерзімін тағайындамаған.Ол 11,5 жылға сотталды

Сот сондай-ақ сотталушының бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескеріп, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуді белгіледі.

Бұдан бөлек, жәбірленуші Юрий Редунның азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, сотталған азамат 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы мен 167 мың теңге материалдық шығын өтеуге міндеттелді. Азаматтық талаптың орындалуын қамтамасыз ету үшін оның тұрғын үйіне тыйым салынды.

Жәбірленуші тарап сот үкімімен келіспейтінін мәлімдеп, тағайындалған жазаны тым жеңіл деп бағалады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіппен шағым жасауға болады.