«Аша Матайды сотқа беруім мүмкін» – заңгер Мейірман Шекеев мәлімдеме жасады
Заңгер Мейірман Шекеев тележүргізуші әрі «Қазақстан Халық партиясының» атынан кандидат ретінде тіркелген Аша Матайдың мәлімдемесіне жауап беріп, оның сөзін бұрмалады деп есептейтінін айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Шекеевтің айтуынша, Аша Матай оның айтқан ойын дұрыс түсінбеген. Сондай-ақ ол тележүргізушінің «тәрбием жібермейді» деген сөзін негізсіз деп бағалады.
«Аша Матай меңзеуді дұрыс түсінбеген сияқты. Тәрбиенің не қатысы бар екенін түсінбедім. Десе де мен оған толық жауап беремін», – деді заңгер.
Сонымен қатар Мейірман Шекеев бұл мәселеге құқықтық баға берілетінін айтып, сотқа жүгінуі мүмкін екенін жеткізді.
«Мен Аша Матайды сотқа беруім де мүмкін. Менің сөзімді бұрмалағаны үшін», – деп мәлімдеді ол.
Еске салайық, бұған дейін Аша Матай дебатқа қатысу туралы ұсынысқа жауап беріп, анасының «ер адаммен, ел ағасымен сөз таластыру жараспайды» деген тәрбиесін себеп етіп, пікірталастан бас тартқан еді.