Жаңалықтар

Оралда төтенше жағдай жарияланды

Орал қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында шыққан өртке байланысты төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оның айтуынша, өрт 27 шілде күні сағат 14:30 шамасында басталған. Жалынның ауқымды аумаққа таралуына аптап ыстық пен қатты жел әсер еткен.

Қоқыс полигонынан көтерілген қою түтін Орал қаласының едәуір бөлігін басып, орталық және шеткі аудандарға дейін жеткен. Соның салдарынан кейбір жолдарда көріну қашықтығы айтарлықтай төмендеген.

– Өрттің аумағы 12 гектарды құрайды. Бірақ қазір оның көлемі біршама азайды. Себебі төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мен коммуналдық қызметкерлер өртті сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалынды ауыздықтауға 45 арнайы техника жұмылдырылды, – деді Жандос Дүйсенғалиев.

Қазіргі уақытта өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Төтенше жағдай режимі қажетті күштер мен техниканы жедел жұмылдыру мақсатында енгізілген.