Ақтөбедегі қайғылы апат: «Қазхромның» үш қызметкері бір сәтте көз жұмды
Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан Дөң тау-кен байыту комбинатының үш қызметкері көз жұмды. Қайғылы оқиға 28 шілде күні кешкі уақытта болған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ақтөбе облысында болған жол-көлік оқиғасы үш адамның өмірін қиды. Қаза тапқандардың барлығы – жұмыс ауысымына бара жатқан Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері.
Қайғылы оқиға 28 шілде күні кешкі уақытта Самара – Шымкент тас жолында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Ақтөбе қаласынан Хромтауға қарай жеке Audi автокөлігімен келе жатқан қызметкерлердің көлігі «ГАЗельмен» соқтығысқан. Апат салдарынан жеңіл көліктегі үш адам алған ауыр жарақаттарынан көз жұмды.
«Жол-көлік оқиғасы Самара – Шымкент автожолында болған. Audi жүргізушісі мен жолаушылардың бірі оқиға орнында қаза тапты. Тағы бір жолаушы медициналық мекемеге бара жатқан жолда көз жұмды. Қазіргі уақытта жол апатының барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр», – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық полиция департаменті.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп, жол апатының себептері анықталуда.
Айта кетейік, Дөң тау-кен байыту комбинаты «Қазхром» АҚ құрамына кіреді. Ал «Қазхром» өз кезегінде халықаралық Eurasian Resources Group (ERG) тау-кен металлургия компаниялары тобының құрамындағы кәсіпорын болып табылады.