Қытайлық әйелді зорлаған: әкімдік депутатқа қатысты мәлімдеме жасады
Түркістан облысы Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны туралы ақпараттан кейін өңір әкімдігі ресми мәлімдеме жасады. Онда іске қатысы бар Қытай азаматтарының инвестор емес екені айтылды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматы тұрғыны Түркістан облысына Қытайдан инвесторлар әкелгені туралы ақпарат тараған болатын. Жазбаларда Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев қонақтарды қарсы алып, Қытайдың 34 жастағы азаматын Lexus автокөлігіне отырғызып, адам қарасы аз жерге апарып зорлады деген болжам айтылған.
Осы оқиғадан кейін шетел азаматтарының Түркістан облысына инвестор ретінде келгені туралы ақпарат та кеңінен тарады.
Алайда Түркістан облысының әкімдігі бұл мәліметті жоққа шығарды.
– Жазбаларда сөз болған шетел азаматтары өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар ретінде тіркелмеген. Қолда бар мәліметке сәйкес, олар Түркістан облысына жеке шаруаларымен келген және жергілікті атқарушы органдардың сүйемелдеуіндегі инвесторлар тізіміне кірмейді, – делінген әкімдік хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы полиция департаменті Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растаған болатын.
– Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті – Шымкент тұрғыны анықталып, қамауға алынды, – деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты анықталып жатыр. Тергеу құпиясына байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.