Кімдерге баспана сатып алуға 7 млн теңгеге дейін беріледі?
Қазақстанда кадр тапшылығы сезілетін өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жаңартылып, мемлекеттік қолдау көлемі артты. Енді қоныс аударушыларға жеке тұрғын үй сатып алуға 7 миллион теңгеге дейін сертификат беріледі, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, жаңартылған бағдарлама азаматтардың тек өңір ауыстыруына емес, жаңа жерде тұрақтап, баспаналы болып, ұзақ уақыт өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Мемлекеттік қолдау аясында тұрғын үй сертификатынан бөлек, көшуге арналған субсидиялар төленеді. Сондай-ақ тұрғын үйді жалдау ақысы мен коммуналдық қызмет шығындары өтеліп, жаңа жұмысқа орналасуға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бұдан бөлек, азаматтар көшпей тұрып-ақ жұмыс берушіні таңдап, жаңа өңірден бос жұмыс орнын таба алады.
Бағдарламаға қатыса алатын азаматтардың санаты да кеңейді. Егер бұрын бұл мүмкіндік негізінен жұмыссыздарға берілсе, енді еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да мемлекеттік қолдауға үміткер бола алады.
Бағдарлама толықтай цифрлық форматқа көшірілген. Өтінім беру, қоныс аударуға болатын өңірлерді қарау, сұранысқа ие мамандықтармен танысу және бос жұмыс орындарын іздеу migration.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.
Айта кетейік, ерікті қоныс аудару бағдарламасы 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін оған 73,9 мың адам қатысқан.
Қазір елімізде ең көп бос жұмыс орны білім беру саласында тіркелген. Бұл бағытта 340 мыңнан астам маман қажет. Екінші орында денсаулық сақтау саласы тұр. Бүгінде медициналық ұйымдарға 110 мыңға жуық дәрігер мен медицина қызметкері жетіспейді.