Семейде ер адам әйелін бейсбол таяғымен ұрып өлтірген
52 жастағы әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы 29 шілдеде басталады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ажырасуға ниет білдірген 52 жастағы әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Алғашқы сот отырысы 29 шілдеде өтеді.
Kriminal Kazakhstan мәліметінше, марқұмның туыстарының айтуынша, биыл сәуір айында әйел күйеуіне ажырасқысы келетінін жеткізген. Осыдан бірнеше күн өткен соң ер адам оның жеке заттарын, құжаттарын және ортақ балаларының құжаттарын өртеп жіберген.
Туыстарының сөзінше, кейін күдікті әйелді аңдып жүріп, оған бейсбол таяғымен бірнеше рет соққы жасаған. Салдарынан әйел ауыр жарақат алып, қайтыс болған.
Жақындарының айтуынша, ер адам ұзақ уақыт бойы ішімдікке әуес болған, жұбайына үнемі күш көрсеткен. Әйел одан кетуге шешім қабылдағаннан кейін де оны аңдып, мазалауын тоқтатпаған.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Алайда көп ұзамай құқық қорғау органдары оны ұстап, қамауға алған.
Қазір «Кісі өлтіру» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Іс сотқа жолданып, негізгі сот процесі 29 шілдеде басталады.