Жаңалықтар

«Қоштасу үшін бардым»: Айыпталушы Шерхан Нұрай Серікбайды қалай өлтіргенін айтты

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты өтіп жатқан басты сот талқылауында айыпталушы Шерхан Аймахан оқиға болған күнгі жағдайға қатысты өз нұсқасын айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оның сөзінше, Нұрай Серікбаймен қоштасу үшін кездесуге барған. Алайда олардың арасында жанжал туындап, марқұм оны балағаттап, кеуде тұсынан ұрғанын мәлімдеді.

«Алдында айтып өткенімдей, Нұраймен қоштасу үшін бардым. Содан кейін ол маған балағат сөздер айтып, көкірегімнен ұра бастады. Мен оған кішкентай пышақты бердім, сол сәтте сол қолымен соққы жасаған соң (оң жақ бүйірін көрсетті), өзімді жоғалтып алдым, әрі қарай есімде жоқ», – деді сотталушы.

Айыпталушының айтуынша, Нұрайды қанша рет пышақтағанын және алғашқы жарақатты нақты қашан салғанын есіне түсіре алмайды.

Ол есін жиғанда өзін ашық далада жүрген күйде көргенін айтып, жолдан өтіп бара жатқан көліктерді тоқтатуға тырысқанын жеткізді.

«Қан жоғалтып жатыр екен, мен не болғанын түсінбей жүрдім. Мен есімді жиып оянған кезде жазық далада жүр екенмін. Жолда көліктер өтіп жатты. Не болғанын білейін деп көліктерді тоқтаттым. Екі автокөліктің бірі тоқтады. Солар мені көліктеріне отырғызып аудандық полиция бөліміне апарған болатын. Сол кезде бір-ақ не болғаны мәлім болды», – деді ол.

Сот барысында Шерхан Аймахан мұндай жағдайлардың өзінде бұрыннан кездесетінін айтты. Оның сөзінше, кейде бірнеше күнге, тіпті бір аптаға дейін не болғанын есіне түсіре алмайтын кездері болады.

«Менің диагнозымда аралас ойлар және әрекеттер деген диагноз бар. Ол сараптамада көрсетілген. Ондай диагноз Нұрайға дейін де, одан кейін де болып тұрады. 2019 жылы бассейнге секіріп, бас жарақатын алғаннан кейін пайда болған», – деп түсіндірді айыпталушы.

Еске салайық, 28 шілдедегі сот отырысында Шерхан Аймаханнан жауап алу жалғасып жатыр. Бұған дейін ол Нұрай Серікбайдың бірінші болып өзіне пышақ сұққанын айтып, оқиғаға қатысты өз нұсқасын баяндаған. Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтар күні кешке Шымкентте пышақ жарақатынан көз жұмды. Күдікті оқиға орнынан қашып кеткенімен, екі күннен кейін ұсталды.

Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы («Некеге тұруға мәжбүрлеу»), 115-1-бабы («Сталкинг») және 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы («Аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша айып тағылған.