Жоғалған қызды «қайтыс болды» деп болжаған көріпкелге қазақстандықтар жаза талап етті
Астанада өзін көріпкел ретінде таныстырған әйелдің әлеуметтік желідегі жазбасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Ол із-түзсіз жоғалған 15 жастағы қыздың тірі емес екенін мәлімдеген. Алайда араға уақыт салып полиция жасөспірімді аман-есен тапты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
"Информбюро" арнасының хабарлауынша, оқиға әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Көпшілік көріпкелдің әрекетін әдепке жатпайды деп бағалап, мұндай мәлімдемелерге құқықтық баға беруді талап етті.
Желі қолданушылары құзырлы органдардан аталған жағдайды тексеріп, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылған-қарастырылмағанын анықтауды сұрап отыр.
Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, мұндай көріпкелдердің немесе балгерлердің болжамдары үшін әкімшілік не қылмыстық жауапкершілік көзделмеген.
Оның сөзінше, құқықтық мәселе тек ақылы қызмет көрсетілген жағдайда ғана туындауы мүмкін. Дегенмен мұндай жағдайда да алаяқтықты дәлелдеу оңай емес, өйткені балгерге жүгінген адам оның айтқандары нақты нәтиже беретініне кепіл жоқ екенін түсінеді.