Түркістан облысында депутат қытайлық әйелді зорлады деген күдікпен ұсталды
Түркістан облысында Қытай Халық Республикасының азаматына қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасалды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желілерде бұл іске қатысы бар деген болжаммен Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевтың есімі тарап жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, Алматы тұрғыны Бәйдібек ауданындағы Байжансай ауылына Қытайдан келген инвесторлар делегациясын алып барған. Желіде жарияланған мәліметке қарағанда, аудандық мәслихат депутаты Ерғали Аманбаев делегацияны қарсы алып, 34 жастағы Қытай азаматшасын Lexus көлігіне отырғызып, елсіз жерге апарып, оған күш қолданған деген күдікке ілінген.
Түркістан облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.
– Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті ретінде Шымкент қаласының тұрғыны анықталып, қамауға алынды, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлердің мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Бұған дейін де дауға іліккен
Бұл Ерғали Аманбаевтың есімі аталған алғашқы оқиға емес. 2025 жылы Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты жол қозғалысы ережелерін бірнеше мәрте өрескел бұзғаны үшін сот шешімімен төрт тәулікке әкімшілік қамауға алынып, бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.
Полицияның мәліметінше, ол жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі тағылған Lexus LX 570 көлігін басқарған, қарсы қозғалыс жолағына шыққан, міндетті сақтандырусыз және қауіпсіздік белдігін тақпай көлік жүргізген, сондай-ақ тыйым салынған орында кері бағытта жүрген.
Осы оқиғадан кейін Amanat партиясы депутатқа сөгіс жариялаған. Алайда аумақтық сайлау комиссиясының ұсынысына қарамастан, аудандық мәслихат жол қозғалысы ережелерін бұзу депутаттық әдеп нормаларын бұзу болып саналмайды деген шешім қабылдап, оған этикалық талаптарды сақтау жөнінде ескерту жасаумен шектелген.