Бурабайда IT мамандарына арналған халықаралық қалашық салынуы мүмкін
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Network School халықаралық технологиялық қауымдастығының негізін қалаушы Баладжи Шринивасанмен кездесіп, елімізде жасанды интеллект пен технологиялық кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Кездесу барысында Ақмола облысында халықаралық инновациялық хаб құрып, кейін оны Alatau City-ге дейін кеңейту жоспары қаралды. Тараптар жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты нығайту, білікті кадрлар даярлау, стартаптарды қолдау және технологиялық кәсіпкерлікті дамыту бағыттарына тоқталды.
Сондай-ақ Баладжи Шринивасанның жүлде қоры бар AI Film Festival фестиваліне қатысуы және AI & Digital Bridge халықаралық форумы аясында әлемнің жетекші технологиялық компаниялары қатысатын Network State Conference конференциясын өткізу мәселесі талқыланды.
Кездесу барысында кәсіпкерлерді, инженерлерді, әзірлеушілер мен зерттеушілерді біріктіретін халықаралық Network School қауымдастығының жұмыс моделі таныстырылды. Жоба білім беру бағдарламаларын, коворкинг кеңістіктерін, хакатондар, конференциялар мен акселерациялық бағдарламаларды қамтиды.
Баладжи Шринивасан Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуетіне жоғары баға беріп, елдің халықаралық таланттар мен инвестицияларды тартуға мүмкіндігі мол екенін айтты. Оның сөзінше, Network School жобалары мемлекеттік қаржысыз, жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылады.
"Кездесуде Ақмола облысының Бурабай аумағында Network City технологиялық қалашығын құру тұжырымдамасы ұсынылды. Жоба табиғи ландшафтты сақтай отырып, модульдік инфрақұрылым салуды көздейді. Болашақта бұл орталық IT мамандары, кәсіпкерлер мен зерттеушілердің жұмыс істеуіне, білім алуына және тәжірибе алмасуына арналған халықаралық алаңға айналуы мүмкін", - делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Олжас Бектенов халықаралық сарапшыларды тарту мен әлемдік технологиялық қауымдастықпен байланысты күшейтудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған ірі жобалар жүйелі түрде іске асырылып жатыр. Олардың қатарында Astana Hub, Екібастұздағы «ДӨО алқабы» жобасы, сондай-ақ Alem.ai базасында жұмыс істейтін TUMO және Tomorrow School білім беру бағдарламалары бар.
Кездесу қорытындысында Премьер-министр салалық мемлекеттік органдарға ұсынылған жобаларды іске асыруға қажетті қолдау көрсетуді тапсырды