Алматыда жантүршігерлік жол апатынан екі қыз көз жұмды
Алматыда адам өліміне әкелген жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан екі адам көз жұмып, тағы екі адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қайғылы оқиға 27 шілдеге қараған түні сағат 03:10 шамасында Рысқұлов даңғылы мен Шәріпов көшесінің қиылысында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жоғары жылдамдықпен келе жатқан Mercedes-Benz G-Class жол талғамайтын көлігі Suzuki SX4 автокөлігімен соқтығысқан. Соққының күшті болғаны сонша, жеңіл көлік бордюрден асып кетіп, бірнеше ондаған метрге ұшып түскен. Ал Mercedes соқтығысқаннан кейін шамамен 70 метр жерге дейін барып тоқтаған.
Suzuki көлігінде төрт қыз болған. Жүргізуші мен алдыңғы орындықта отырған жолаушы алған ауыр жарақаттарынан жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында көз жұмды.
Қалған екі жолаушы ауыр жарақат алды. Олардың бірін құтқарушылар көліктен дереу шығарып алған болса, екіншісін арнайы гидравликалық құралдардың көмегімен мыжылған көліктен босатқан. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккен қыздың екі аяғы да ауыр жарақаттанған.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала болжам бойынша, Suzuki жүргізушісі кері бұрылу кезінде шығыс бағытта қозғалып келе жатқан Mercedes-Benz G-Class көлігімен соқтығысқан.
Аталған факті бойынша адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық қорғау органдары апаттың нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтау үшін бірқатар сот сараптамаларын тағайындады.