20 жылға сотталуы мүмкін: Грузиядан ірі есірткі саудагері Қазақстанға жеткізілді
Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деген күдікпен Қазақстан азаматын елге экстрадициялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті аса ірі көлемде психотроптық заттардың заңсыз айналымын ұйымдастыруға және қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастыруға қатысқан. Ол Алматы облысында қылмыстық топ құрамында есірткі өндірісін ұйымдастырған деген күдікке ілінген. Дайындалған психотроптық заттар кейін Алматы облысы мен Алматы қаласында жасырын түрде таратылып отырған.
Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топтан шамамен 10 келі мефедрон тәркіленді.
Құзырлы органдардың мәліметінше, қылмыстық әрекеттен түскен 1,8 млрд теңгеден астам қаражат әртүрлі қаржылық операциялар, оның ішінде криптоалмастырғыштар арқылы заңдастырылған. Сонымен қатар заңсыз табысқа 600 млн теңгеден астам сомаға жылжымайтын мүлік, бизнес нысандары мен көлік құралдары сатып алынған. Аталған активтердің барлығына мемлекет кірісіне тәркілеу мақсатында тыйым салынды.
Қазір қылмыстық топ мүшелерінің бір бөлігіне қатысты іс сотқа жолданып, сот талқылауы жүріп жатыр. Ал басқа күдіктілер, оның ішінде экстрадицияланған азамат та құқық қорғау органдарынан жасырынғандықтан, халықаралық іздеуге жарияланған болатын.
Ағымдағы жылдың қаңтарында ол Грузия аумағында ұсталып, ол жерден Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді.
Қазіргі таңда тұлға тергеу изоляторына қамалды.
Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.