Жаңалықтар

Қазақстанның бірқатар өңірінде 47 градусқа дейін аптап ыстық болады

27 шілде мен 1 тамыз аралығында Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа температурасы күрт көтеріліп, кей жерлерде +47 градусқа дейін жетеді. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға ескерту жасады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Министрліктің мәліметінше, 27-30 шілде аралығында Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында, ал 27 шілде – 1 тамыз аралығында Маңғыстау облысында өте қатты ыстық сақталады. Сондай-ақ 27-31 шілде күндері Қостанай, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында да ауа температурасы айтарлықтай жоғары болады.

Ал 27 шілде – 1 тамыз аралығында Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында, 26 шілде – 2 тамыз аралығында Қызылорда және Түркістан облыстарында аптап ыстық күтіледі. Осыған байланысты аталған өңірлерде табиғи өрт қаупі жоғары деңгейде болады.

27 шілдеде Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында күндіз ауа температурасы +40...+43 градусқа дейін көтеріледі.

28 шілдеде Маңғыстау облысында сынап бағаны +43...+47 градусқа дейін жетіп, өте қатты ыстық болады.

Қостанай облысының оңтүстігінде 27 шілдеде күндіз ауа температурасы +41 градусқа дейін көтеріледі. Ал Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында +35...+39 градус ыстық күтіледі.

Сонымен қатар 28 шілдеде Маңғыстау облысының солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл болжанып отыр. Оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні облыстың батысы, солтүстігі және орталығында 15-20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.