Танымал ақын көз жұмды
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын әрі прозашы Римма Артемьева 65 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Марқұмның қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі жариялады.
Римма Артемьева 1960 жылдың 20 тамызында дүниеге келген. Ол биология және дефектология мамандықтары бойынша жоғары білім алып, кейін әдеби шығармашылық бағытында білімін жетілдірген. Ақын әдеби шеберлік курстарын, «Мусагет» әдеби бірлестігін және Әдебиеттану қоры ұйымдастырған халықаралық мәдениеттану семинарын тәмамдаған.
Оның поэзиялық және прозалық туындылары, публицистикалық еңбектері мен сұхбаттары Қазақстанда ғана емес, шетелдік әдеби басылымдарда да жарық көрді. Ақынның өлеңдері қазақ, ағылшын және литва тілдеріне аударылып, бірнеше халықаралық әдеби антологияға енгізілген.
Римма Артемьева шығармашылық жолында бірнеше жыр жинағы мен прозалық кітап жариялады. Әдебиет саласындағы еңбегі жоғары бағаланып, «Новое поколение» газетінің байқауында «Жыл ақыны» атанды. Сондай-ақ Беларусь астанасы Минскіде өткен «Дом» халықаралық әдеби байқауында «Поэзия» аталымы бойынша жеңімпаз болды.