Жаңалықтар

26 шілдеде Қазақстанда 47 градусқа дейін ыстық болады

Синоптиктер 26 шілдеде Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы болатынын ескертті. Болжам бойынша, ел аумағында нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ түсіп, дауылды жел мен шаңды дауыл соғады. Сонымен қатар оңтүстік өңірлерде ауа температурасы +47 градусқа дейін көтеріліп, табиғи өрт шығу қаупі өте жоғары деңгейде сақталады,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

26 шілдеде еліміздің солтүстік, шығыс және оңтүстік өңірлерінде ауа райы құбылмалы болады. Қазгидромет мәліметінше, көптеген облыста нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, жел күшейеді.

Солтүстік Қазақстан, Абай, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және секундына 15-23 метрге дейін жететін қатты жел болжанып отыр. Кей жерлерде тұман түсіп, шаңды дауыл соғуы мүмкін.

Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы аудандарында өткінші жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел күтіледі. Түркістан облысының солтүстігінде шаңды дауыл болжанса, ауа температурасы +41 градусқа дейін көтеріледі.

Шаңды дауыл Батыс Қазақстан мен Қызылорда облыстарында да болады. Атырау облысында желдің екпіні секундына 18 метрге дейін күшейеді.

Еліміздің батысы мен оңтүстігінде аптап ыстық сақталады. Маңғыстау облысында ауа температурасы +43...+47 градусқа дейін көтеріліп, Ақтауда +39 градусқа дейін ысиды. Синоптиктер өңірдегі өте ыстық ауа райы кемінде 1 тамызға дейін жалғасатынын ескертті.

Атырау облысында 25-27 шілде аралығында +43 градусқа дейін, Оралда +40 градусқа дейін, Ұлытау облысында +39 градусқа дейін ыстық болады. Қостанай облысының оңтүстігінде 27 шілдеде ауа температурасы +41 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Аптап ыстыққа байланысты Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Ұлытау, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жоғары және төтенше деңгейдегі өрт қаупі сақталады. Синоптиктер тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.