Аймақ

ШҚО-да 600 мұғалімнің жеке дерегі тарап кеткен

ШҚО-да 600-ден астам мұғалім мен балабақша қызметкерінің жеке деректері интернетке жарияланып кеткен, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында мектептер мен балабақшалардың 611 қызметкерінің жеке мәліметтері мемлекеттік сатып алу порталында ашық жарияланған. Бұл заңбұзушылықты аудан прокуратурасы анықтады.

Прокуратураның мәліметінше, білім беру ұйымдары міндетті медициналық тексеру қызметін сатып алуға арналған құжаттарды порталға жүктеген кезде қызметкерлердің толық тізімін қоса тіркеген. Соның салдарынан олардың жеке деректері көпшілікке қолжетімді болып кеткен.

Ашық жарияланған құжаттарда қызметкерлердің аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), атқаратын қызметі, тұрғылықты мекенжайы және телефон нөмірлері көрсетілген. Бұл құпия ақпараттың бөгде адамдардың қолына түсу қаупін туғызған.

"Прокуратураның қадағалау актісінен кейін заңсыз жарияланған 611 қызметкердің жеке мәліметтері порталдан толықтай өшірілді", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар жеке деректердің жариялануына жол берген жауапты лауазымды тұлғалар заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Прокуратура азаматтардың жеке деректерін заңсыз жинау, өңдеу немесе тарату үшін Қазақстан заңнамасында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.