Әлемде

Сауд Арабиясы ханзадасы Лондондағы қонақүйден өлі күйінде табылды

Ұлыбританияның The Telegraph басылымының хабарлауынша, Сауд Арабиясы корольдік әулетінің мүшесі саналатын 29 жастағы ханзада Лондондағы сәнді қонақүйлердің бірінде өлі күйінде табылған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Басылымның мәліметінше, оның денесін өткен жылдың қараша айында Кенсингтон ауданындағы қонақүй нөмірінің жуынатын бөлмесінен тазалық қызметкері тапқан.

Сараптама қорытындысы бойынша, марқұмның қанынан алкоголь мен есірткі заттарының көп мөлшері анықталған. Тергеу барысында ханзаданың қайтыс болардан бірнеше ай бұрын Лондондағы жеке клиникалардың бірінде алкоголь мен есірткіге тәуелділіктен емделгені белгілі болды.

Медициналық сараптама оның созылмалы аурулары болмағанын көрсетті. Мамандардың қорытындысына сәйкес, өлімге алкоголь мен есірткінің бірге қолданылуынан болған жүрек қызметінің тоқтауы себеп болған.

Басылым бұл оқиға бойынша тергеу жүргізілгенін, алайда үшінші тұлғалардың қатысы анықталмағанын жазады.