Павлодар облысындағы қайғылы оқиға: әкесі мен екі ұлының суреті тарады
Павлодар облысы Ақтоғай ауданындағы Жоламан ауылында орналасқан «Aktogai Milk» сүт фермасында болған қайғылы оқиғадан кейін қаза тапқандардың жеке басы анықталып, олардың суреттері әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Белгілі болғандай, көз жұмғандардың арасында бір әулеттің мүшелері – әкесі мен екі ұлы бар. Қайғылы хабарды естіген туған-туыстары мен ауылдастары әлеуметтік желіде марқұмдарды еске алып, көңіл айтуда.
«Қандай мейірімді, ақкөңіл жан едің, бауырым. Мәңгі есімізде қаласың. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын. Алла иманын жолдас етсін», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Марқұмдардың жақындарының айтуынша, бұл қасірет тұтас әулетке орны толмас қайғы әкелген.
«Бір мезетте бір әулеттен төрт адамнан айырылып қалдық. Бұл – біздің отбасы үшін орны толмас қаза. Жандары жәннатта болсын», – деп жазды тағы бір туысы.
Еске салайық, Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы «Aktogai Milk» сүт фермасында болған қайғылы оқиға салдарынан алты адам қаза тапқан болатын. Оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.