Экономика

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да өзгертті

Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Пайыздық дәліз ±1 пайыздық тармақ деңгейінде сақталды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Ұлттық банктің мәліметінше, елдегі жылдық инфляция тоғызыншы ай қатарынан баяулап келеді. Маусым айында бұл көрсеткіш 10,3%-ды құрады. Мамырда инфляция деңгейі 10,4% болған.

Азық-түлік тауарлары бойынша инфляция 10,7%-дан 10,4%-ға дейін төмендесе, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі 11,7% деңгейінде қалды. Ал ақылы қызметтердің инфляциясы мамырдағы 8,7%-дан 9%-ға дейін өсті.

Ұлттық банк инфляцияның бәсеңдеуіне қатаң ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық белсенділіктің тұрақтануы және Үкімет пен Ұлттық банк қабылдаған инфляцияға қарсы шаралар әсер еткенін атап өтті.

Маусым айында халықтың бір жыл алдағы инфляцияға қатысты күтулері 13,4%-ға дейін өскен. Ал нарықтың кәсіби қатысушылары биылғы инфляция 10% деңгейінде болады деп болжап отыр. 2027 жылға арналған болжам 7,8%-ға дейін төмендетілді.

Сонымен қатар сыртқы нарықтағы тұрақсыздық сақталып отыр. Таяу Шығыстағы қақтығыстың қайта шиеленісуі энергия тасымалдаушылар бағасының өсуіне ықпал етті. Сондай-ақ өсімдік майы мен ет бағасы жоғары сұраныс пен ұсыныстың шектеулі болуына байланысты қымбаттап жатыр. Ал астық бағасы өнім көлеміне қатысты болжамның жақсаруына байланысты төмендеуде.

Ұлттық банк ішкі тұтынушылық сұраныстың оң динамикасын сақтап отырғанын да мәлімдеді. Дегенмен халықтың нақты табысының баяу өсуі мен тұтынушылық несиелеудің бәсеңдеуі сұранысты қалыпты деңгейде ұстап тұр.

Бұдан бөлек, Ұлттық банк, Үкімет және «Бәйтерек» холдингі ірі әрі стратегиялық жобаларды қолдауға бағытталған квазимемлекеттік ынталандыру тетіктерін әзірледі. Бұл шаралар отандық тауар өндірісін арттырып, банк жүйесіндегі өтімділікті тиімді пайдалануға бағытталған.

Реттеуші инфляцияға әсер етуі мүмкін негізгі тәуекелдер ретінде халықтың инфляциялық күтулерінің жоғары болуы, жанармай бағасы мен коммуналдық тарифтердің өсуі, тұтынушылық белсенділіктің күшеюі және сыртқы инфляцияның жеделдеуі екенін атап өтті.

Ұлттық банк алдағы уақытта базалық мөлшерлеме бойынша алдын ала белгіленген бағыт ұстанбайтынын мәлімдеді. Келесі жоспарлы шешім 4 қыркүйекте жарияланады.

Еске салайық, бұған дейін 5 маусымда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға дейін төмендеткен болатын. Бұл 2025 жылдың қазан айынан бергі алғашқы өзгеріс еді.