«Үнсіздікті таңдауымның себебі бар»: депутаттыққа кандидат Аша Матай тағы да талқыға түсті
Ұлттық құрылтай депутаттығына үміткер атанған әнші Аша Матай әлеуметтік желіде сайлау науқаны кезінде не себепті үнсіз жүргенін түсіндірді. Оның жазбасына әріптесі Қайрат Ахметов пікір білдіріп, көпшіліктің назарын аударды, , деп хабарлайды buginmedia.kz.
Аша Матайдың айтуынша, осы уақытқа дейін пікір білдірмеуінің басты себебі – сайлау заңнамасын сақтау.
«Көпшілік менің неге үнсіз жүргенімді түсінбеген шығар. Кандидаттарды тіркеу кезеңінде заң бойынша үгіт-насихат жүргізуге болмайды. Сондықтан 23 шілде сағат 18:00-ге дейін ешкімді қолдауға немесе қарсы шығуға қатысты үндеу жасаған жоқпын», – деп жазды ол.
Әнші енді заңмен белгіленген үгіт кезеңі басталғандықтан өз ұстанымын ашық жеткізе алатынын айтты. Сондай-ақ сайлауалды үгіт 23 шілде сағат 18:00-де басталып, 22 тамызға дейін жалғасатынын, ал 22 тамыз – тыныштық күні екенін еске салды.
Алайда бұл жазбаға әнші Қайрат Ахметов пікір қалдырып, Аша Матайға саясатқа араласпауға кеңес берді.
«Аша, өз өнеріңмен айналысқаның дұрыс. Саясат – өте үлкен жауапкершілік. Бұл салаға келуге әлі ерте. Өз бағытыңнан жаңылмай, өнеріңді дамыт. Абыройыңды сақта», – деген мазмұнда ағалық ақылын жеткізді.
Осыдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары екіге бөлінді. Бірі Қайрат Ахметовтің пікірін қолдап, өнер адамдары саясатқа араласпауы керек десе, енді бірі кез келген азаматтың сайлауға қатысуға конституциялық құқығы бар екенін алға тартып, Аша Матайды қолдады.
Айта кетейік, соңғы күндері Ұлттық құрылтай депутаттығына шоу-бизнес өкілдерінің кандидат ретінде тіркелуі қоғамда қызу талқыланып жатыр.