Ресейде Wildberries қоймаларына тағы да дрон шабуылы жасалды: зардап шеккендер бар
24 шілдеге қараған түні Ресейдің Ленинград облысындағы Wildberries компаниясының логистикалық нысанына дрондар шабуыл жасады. Сондай-ақ Қырымдағы компания қоймаларының біріне де шабуыл жасалған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденконың мәліметінше, ұшқышсыз аппараттың соққысынан кейін нысанда өрт шыққан.
«Үш адам зардап шекті. Олардың жағдайы – орташа ауыр. Қазір ауруханада дәрігерлер қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр», – деді губернатор.
Шабуыл салдарынан Синявино кентіндегі «Северная» құс фабрикасының қоймаларының бірінің конструкциялары да құлаған. Бұл оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.
Wildberries компаниясының баспасөз қызметі қауіпсіздік талаптарына сәйкес Қырымдағы Симферополь сұрыптау орталығының қызметкерлері эвакуацияланғанын хабарлады.
Бұл – соңғы күндері Wildberries нысандарына жасалған алғашқы шабуыл емес. 18 шілдеге қараған түні Украина қарулы күштерінің дрондары Мәскеу облысындағы Электросталь және Тамбов облысындағы Котовск қалаларындағы компания қоймаларына шабуыл жасаған. Сол кезде сегіз адам қаза тауып, 62 адам жарақат алған.
Ал 22 шілдеде Краснодар мен Невинномысск қалаларындағы Wildberries логистикалық кешендері дрондардың нысанасына айналды. Екі нысаннан да қызметкерлер эвакуацияланып, зардап шеккендер болған.
Компанияның негізін қалаушы Татьяна Ким қаза тапқан қызметкерлердің отбасына 2 миллион рубльден, ал ауыр жараланғандарға 1 миллион рубль көлемінде өтемақы төленетінін мәлімдеді. Сонымен қатар сатушылардың жоғалған тауарлары үшін де өтемақы қарастырылған.
Осы шабуылдардан кейін Ресейдегі Wildberries-тің барлық логистикалық орталықтарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Енді төтенше жағдай туындаған кезде жұмысты уақытша тоқтатып, қызметкерлерді міндетті түрде эвакуациялау тәртібі енгізілді.