Жаңалықтар

Ақтөбеде жүргізуші ескерту жасаған жаяу жүргіншіні көліктің жүксалғышына күштеп салып алып кеткен

Ақтөбеде жаяу жүргінші мен көлік жүргізушісі арасындағы жолдағы жанжал адам ұрлау дерегімен аяқталды. Бұл туралы buginmedia.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Жаяу жүргінші «зебрамен» өтіп бара жатып, көлік жүргізушісіне ескерту жасаған. Алайда жүргізуші бұған өкпелеп, жаяу жүргіншінің қайда тұратынын анықтап, бірнеше танысымен бірге оның үйіне барған. Біраз уақыттан кейін ер адам шаруасымен шығып, таксиге отырған сәтте, жүргізуші серіктерімен бірге таксидің жолын бөгеп, жолаушыны күштеп көліктен шығарып, Lexus автокөлігінің жүксалғышына салып әкеткен.

Бұл өрескел қылмыстың алдын алуға оқиға куәгері көмектесті. Ол 102 нөміріне хабарласып, бірнеше ер адамның бір адамды күштеп көліктің жүксалғышына салып, белгісіз бағытқа кетіп қалғанын айтқан. Адамды ұрлау сәті куәгердің автокөлігіндегі бейнетіркеуішке де жазылып қалған.

Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері арнайы мақсаттағы жасақтың қолдауымен күдіктілер отырған Lexus автокөлігін ұстады.

Аталған факті бойынша адам ұрлау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.