«35 рет пышақ сұққан»: Нұрай Серікбай ісі бойынша сот процесі басталды
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Тергеу мәліметінше, 28 жастағы Шерхан Аймахан қызға бірнеше мәрте шабуыл жасап, оған 35 рет пышақ сұққан деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Buginmedia.kz.
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды. Процесс барысында айыпталушы Шерхан Аймахан алқабилердің қатысуымен сотталудан бас тартатынын мәлімдеді.
Сот отырысының басында судья айыпталушыдан өзі туралы мәлімет беруді сұрады. Шерхан Аймахан 33 жаста екенін, Шымкент қаласында туғанын, «энергетик» мамандығы бойынша жоғары білімі барын, бойдақ екенін және бұрын сотталмағанын айтты.
Марқұмның отбасы өкілдерінің адвокаттары сот отырыстарын тікелей эфирде көрсетуді сұрады. Олардың айтуынша, істің ашық қаралуы қоғамның, әсіресе қыз-келіншектердің қудалау мен сталкингтің салдарын түсінуіне және өзін қорғау жолдарын білуіне ықпал етеді.
Алайда қорғау тарапы бұл өтінішке қарсылық білдірді. Нәтижесінде судья сот процесін тікелей эфирде көрсету туралы өтінішті қанағаттандырмады.
Одан кейін мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, оқиға болған күні Шерхан Аймахан алдымен Нұрай Серікбайға бірнеше рет пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан кеткен. Кейін қайта оралып, оған тағы да бірнеше рет пышақ сұққан. Тергеу мәліметінше, жәбірленушіге жалпы саны 35 пышақ жарақаты салынған.
Еске салайық, 21 жастағы Нұрай Серікбай 11 қаңтарда Шымкентте қаза тапқан. Тергеу дерегіне сәйкес, айыпталушы қызды ұзақ уақыт бойы аңдып, кейін оны ұрлап, өзіне тұрмысқа шығуға мәжбүрлемек болған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, қыздың бас тартқанына қарамастан, оған қысым көрсету мен қорқыту тоқтамаған. Олар осыған байланысты полицияға бірнеше рет шағымданғанын мәлімдеген.
Қазіргі таңда Шерхан Аймаханға адам ұрлау, адам өлтіремін деп қорқыту және аса қатыгездікпен кісі өлтіру баптары бойынша айып тағылған. Айыптардың негізділігі мен айыпталушының кінәсі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады.