Жаңалықтар

Отыз жыл бұрын 4 жігіт зорлаған: сұмдықтың беті ашылды

Осыдан 30 жыл бұрын кәмелетке толмаған кезінде зорлық-зомбылыққа ұшырағанын мәлімдеген Наташа Қалымбетова өз ісіне қатысты жаңа мәлімет жариялады. Оның айтуынша, ұзақ уақыт қозғалыссыз жатқан тергеу ісі алға жылжи бастаған, деп хабарлайды Buginmedia.kz.

Наташа Қалымбетованың сөзінше, өзі тапсырған биологиялық материал АҚШ-та асырап алынған қызының ДНҚ-сымен салыстыру үшін сол елге жіберілген. Енді қызы да биоматериалын тапсырады. Осыдан кейін ол да Қазақстанда тексеріледі.

«Сол себепті маған АҚШ-қа барудың қажеті қалмады. Мен іс сотқа қашан жететінін күтемін. Соттасып, дәлелдеп, бәрін көрсетіп, сотта жеңгім келеді. Біздің үніміз жетті. Бірнеше жыл бұрын мен және мен сияқты әйелдердің, қыздардың үні билікке жетті ме? Дәл қазір үнімізге құлақ аса бастады. ... Әділеттілік бар. Президент үнімді естіді», – деді Наташа Қалымбетова.

Ол сондай-ақ өзіне қатысты сталкинг жағдайлары болғанын айтып, бүгінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне қоғам мен биліктің көбірек назар аудара бастағанын жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Наташа Қалымбетова әлеуметтік желіде жариялаған видеосында 17 жасында Батыс Қазақстан облысында бірнеше ер адам тарапынан зорланғанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, оқиға болған кезде құқық қорғау органдарына жүгінбеген, кейін шетелге көшіп кеткен.

Бұл мәлімдемеден кейін құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Қалымбетованың айтуынша, жарияланымнан кейін полиция қызметкерлері өзімен байланысқа шыққан. Ол Қазақстанға келіп, оқиғаға қатысы бар адамдардың заң алдында жауап бергенін қалайтынын мәлімдеген.