«Жауапты біреу айтып тұрды»: журналист Аша Матайға қатысты видео көрсетті
Қазақстан халық партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде ұсынылған әнші әрі актриса Аша Матай әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Buginmedia.kz.
Журналист Асхат Ниязов партия съезі барысында үміткерге саясатқа қатысты бірнеше қарапайым сұрақ қойғанын айтты. Оның айтуынша, алғашында Аша Матай барлық сұраққа сенімді жауап бергендей көрінген.
Алайда бейнематериалды монтаждау кезінде жауап беру сәтінде сырттан біреудің сыбырлап айтып тұрған дауысы жазылып қалғанын байқағанын мәлімдеді.
«Алғашында оны қапыда қалдырмақ болдым, бірақ жауаптарының бәрін білді. Кейін монтаж кезінде оған жауаптарды біреу айтып тұрғанын естідім. Мұқият тыңдаңыздар», – деп жазды Асхат Ниязов.
Журналисттің айтуынша, бұл үзінді саяси партиялар туралы арнайы шығарылымның екінші бөлімінде жарияланған.
Желіде тараған бейнежазба көпшіліктің назарын аударып, түрлі пікірге арқау болды. Бірі журналистің мәлімдемесін талқыласа, енді бірі нақты қорытынды жасауға асықпау керектігін айтты.
Әзірге Аша Матай да, Қазақстан халық партиясы да жарияланған видеоға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.