24 шілде күні Астанада алғаш рет аэротакси көпшілікке таныстырылады. Демонстрациялық ұшу «Қазанат» ипподромының аумағында ұйымдастырылады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, іс-шара таңғы 09:00-де басталады. Алайда қолайсыз ауа райына байланысты көрсетілімнің күні мен уақыты өзгеруі мүмкін.
Көрсетілім барысында AutoFlight Prosperity электрлі әуе көлігі (eVTOL) таныстырылады. Оның басты ерекшелігі – дәстүрлі ұшу-қону жолағын қажет етпейді. Әуе аппараты шағын алаңнан тік көтеріліп, сол жерге қайта қона алады.
Аэротакси бір ұшқыш пен бес жолаушыны тасымалдауға арналған. Оның ең жоғары ұшу жылдамдығы сағатына 200 шақырымға, ал бір рет қуатталған батареямен ұшу қашықтығы 200 шақырымға дейін жетеді.
Әзірге демонстрациялық ұшуға көрермендердің қалай қатыса алатыны туралы қосымша ақпарат жарияланған жоқ.
Еске салайық, Қазақстандағы алғашқы аэротакси сынағы биыл мамыр айында Алатау қаласында өткен болатын. Сол кезде қытайлық AutoFlight компаниясы әзірлеген eVTOL технологиясына негізделген электрлі әуе аппараты алғаш рет сынақтан өткізілді.