Саясат

Ертісбаев өзін биліктен Мәсімов ығыстырғанын айтты

Қазақстан халық партиясының бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев журналист Асхат Ниязовқа берген сұхбатында саяси қызметтен шеттетілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Buginmedia.kz.

Оның айтуынша, 2013 жылдан кейін шетелге елші болып кетуіне сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімовтің ықпалы болған.

«Ашығын айтсам, мені Мәсімов ығыстырды. Президент әкімшілігіне ол барғаннан кейін мені ол жерден көргісі келмеді. Жүрегіме жүк түсіп кетті, бірақ тағдырға қазір шексіз ризамын, себебі мен екі елге барып қызмет етіп, дипломатиялық қызметтің не екенін түйсіндім. Ол құпияларды бүгін айта аламын», – деді Ертісбаев.

Сондай-ақ ол 2008 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзін Мәдениет және ақпарат министрі қызметінен босатқанын еске алды. Ертісбаевтың сөзінше, Назарбаев бұл қызметке Мұхтар Құл-Мұхамедті тағайындайтынын алдын ала ашық айтқан.

Айта кетейік, Кәрім Мәсімов әр жылдары Қазақстанның премьер-министрі, Президент әкімшілігінің басшысы және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ол ҰҚК төрағасы қызметінен босатылып, мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алуға әрекеттену және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша сотталды. 2023 жылы сот үкімімен 18 жылға бас бостандығынан айырылды.