«Адамдар өлер алдында бірдей түс көрген»: ғалымдар күтпеген зерттеу нәтижесін жариялады
АҚШ-тағы медицина қызметкерлері жүргізген бақылауларға сәйкес, өмірінің соңғы кезеңіндегі көптеген адамдар бір-біріне ұқсас түстер көретінін анықтаған, деп хабарлайды Buginmedia.kz.
АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Баффало қаласындағы хоспистік және паллиативтік көмек орталығының мамандары 10 жыл бойы өмірінің соңғы кезеңіндегі 13 мың науқасты бақылаған. Зерттеу нәтижелері PubMed медициналық журналында жарияланған.
Зерттеу барысында пациенттердің 88 пайызы көз жұмар алдында бір-біріне ұқсас түстер көргені анықталған.
Мамандардың мәліметінше, науқастардың 72 пайызы түсінде өмірден өткен туыстары мен достарымен сөйлескен. Сол себепті олар оянған кезде өздерін тыныш әрі көңілді сезінген.
Ал қатысушылардың 59 пайызы түсінде жолға дайындалып, чемодан жинағанын немесе билет сатып алғанын айтқан. Кейбірі пойызбен кетіп бара жатқанын, енді бірі ұшақпен ұшқанын көрген.
Сонымен қатар, пациенттердің 29 пайызы түсінде көзі тірі туыстары мен достарын көрсе, 28 пайызы өткен өміріндегі оқиғаларды қайта бастан өткерген. Алайда зерттеуге қатысқандардың ешқайсысы түсінде өз балаларын көрмеген. Оның орнына олар көбіне үй жануарларын немесе өздеріне бейтаныс қарт адамдарды көргенін жеткізген.
Зерттеу деректеріне сәйкес, мұндай түстер адамның өмірден өтуінен шамамен 10–11 апта бұрын басталып, соңғы үш аптада жиілей түскен.
Ғалымдар әзірге бұл құбылыстың нақты себебін түсіндіре алмайды. Олардың болжамынша, мұндай түстер мида болатын өзгерістермен немесе адамның өз өмірінің аяқталатынын саналы не бейсаналы түрде сезінуімен байланысты болуы мүмкін.