Қазақстандық танымал әнші үйленді
Қазақстандық әнші, MBAND тобының бұрынғы мүшесі, көпшілікке TSOY лақап атымен танылған Анатолий Цой жеке өміріндегі маңызды жаңалығымен бөлісті. Әнші сүйіктісімен шіркеуде неке қию рәсімін өткізген, деп хабарлайды buginmedia.kz.
36 жастағы орындаушы жеке өмірін жария етпейді. Бұл жолы да ол үйлену тойы мен шіркеудегі неке қию рәсімін көпшілікке көрсетпей, тек жақындарының ортасында өткізген. Әлеуметтік желіде тараған суреттерде қалыңдықтың бет-бейнесі жасырылған.
Әзірге Анатолий Цой жұбайының есімін де, олардың қалай танысқанын да жариялаған жоқ. Желі қолданушыларының басым бөлігі жас жұбайларды құттықтап жатса, кейбірі тараған кадрлар жаңа бейнебаянның түсірілімі болуы мүмкін деген пікір білдіруде.
Айта кетейік, Анатолий Цой Талдықорған өңірінде дүниеге келген. Өнердегі алғашқы қадамдарын Алматыда бастап, кейін «Хочу к Меладзе» музыкалық жобасының жеңімпазы атанды. Осы жоба арқылы танылған MBAND тобының құрамында өнер көрсетіп, ТМД кеңістігінде кеңінен танымал болды. Топ 2020 жылы тарағаннан кейін әнші TSOY сахналық есімімен жеке шығармашылығын жалғастырып, «Маска» шоуының жеңімпазы атанды.