Шоу-Бизнес

"Тұз сеуіп, пердеге күйдірілген инелер таққан": Жігер Ауыпбаев отбасына дуа жасалғанынын айтты

«Меломен» тобының бұрынғы солисі Жігер Ауыпбаев жеке өміріне қатысты бұрын айтылмаған жайттарды бөлісті. Әнші алғашқы некесінің бұзылу себептері мен отбасын сақтап қалу үшін жасаған әрекеттері туралы «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында әңгімеледі, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Өнер иесінің айтуынша, ажырасу туралы шешім екі тараптың ортақ келісімімен қабылданған. Ол бұрынғы жұбайы Замирамен заңды түрде төрт жыл бұрын ажырасқанын, олардың төрт баласы барын айтты.

Жігер Ауыпбаев экс-жұбайын балаларына жақсы тәрбие беріп отырған ана ретінде бағалап, ажырасқаннан кейін де отбасын қайта біріктіруге бірнеше мәрте талпыныс жасағанын жеткізді.

«Балаларым толыққанды отбасында өссін деген ниетпен қайта қосылуға тырыстық. Үйге қайта көшіп келдім, балалар қатты қуанды. Бірақ арада бір апта өтпей, ол қайтадан кететінін айтты», – деді әнші.

Оның сөзінше, кейінгі жылдары жалғыздыққа бейімделіп, үйде көп отырмас үшін гастрольдік сапарларға жиі шыққан. Сондай-ақ арадағы қызғаныштың да отбасылық қарым-қатынасқа кері әсер еткенін айтты.

Әнші отбасының ыдырауына үшінші тұлғалардың араласуы да ықпал еткен болуы мүмкін деген ойын білдірді. Оның айтуынша, жалғыз тұрған кезде үйінен күмәнді заттар тапқан.

«Үйдің ішінен түрлі заттар таптым: төсегімнің бас жағынан, киімдердің астынан себілген тұз, пердеге тығылған күйдірілген инелер, паластың астындағы зираттың топырағына ұқсас заттар шықты. Біздің отбасылық бақытымызды көре алмаған адамдардың арам ойы іске асты ма деп ойлаймын», – деді Жігер Ауыпбаев.

Әнші бұл пікірін өзінің жеке болжамы ретінде айтып, бұрынғы жұбайының қызғанышы болғанын және оның мұны кейін мойындағанын да сөз етті.