Қазақстанда жаңа заң бойынша кімдер жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін: ІІМ түсіндірді
2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстанда «Жол қозғалысы туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі түсіндіріп, жаңа талаптардың кімдерге қатысты екенін айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
65 жастан асқандар мен мүгедектігі бар жүргізушілерге жаңа талап
ІІМ мәліметінше, енді 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтар екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуі тиіс.
Медициналық тексерудің нәтижелері Денсаулық сақтау министрлігі мен ІІМ-нің ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде алмасады.
Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік басқаруға қарсы көрсетілімдердің жоқтығы туралы мәлімет болмаса, оның көлік жүргізу құқығы тоқтатылады.
Министрлік бұл талап тек 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтарға ғана қатысты екенін атап өтті.
Жол ережесін өрескел бұзғандар қайта емтихан тапсырады
Заңдағы тағы бір жаңалық – жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық білімді қайта тексеру.
Жол қиылыстарында апатты жағдай туғызған, жылдамдықты жиі асырған, қауіпті маневрлер мен озу әрекеттерін жасаған, сондай-ақ көлікті дұрыс тоқтатпай немесе тұраққа қоймай, қозғалысқа кедергі келтірген жүргізушілер қайта теориялық емтихан тапсыруға жіберілуі мүмкін.
Егер жүргізуші тиісті қаулыны алғаннан кейін екі ай ішінде дәлелді себепсіз емтиханға келмесе, бұл да көлік жүргізу құқығын тоқтатуға негіз болады.
Мас күйінде көлік жүргізгендерге жаза қатаңдайды
Тамыз айынан бастап алкогольдік, есірткілік немесе өзге де масаң күйде көлік басқарғандарға қатысты жауапкершілік те күшейтіледі.
Енді қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған күннің өзінде, мас күйінде көлік жүргізген адам 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады.
Ал егер азамат көлік жүргізу құқығынсыз мас күйінде ұсталса, оған 8 жыл бойы жүргізуші куәлігін алуға тыйым салынады.