КТК телеарнасының хабарлауынша, Павлодар облысында кәріз құдығында қаза тапқан алты адамның үшеуі бір отбасының мүшелері екені белгілі болды. Олар – Мұхаммедтер әулетінің өкілдері: 51 жастағы әке және оның 17 мен 20 жастағы екі ұлы.
Қайғылы оқиғадан бір жұмысшы ғана аман қалып, көмірқышқыл газынан улану белгілерімен ауруханаға жеткізілді.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов оқиғаның мән-жайын жан-жақты тергеп, кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды.
Ал кәсіпорын иесі әрі Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьев қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әкімбекованың айтуынша, марқұмдардың отбасыларына мемлекет пен жұмыс беруші тарапынан кешенді қолдау көрсетіледі. Оларға арнайы материалдық көмек беріліп, биылғы жылдың соңына дейін жалақысы төленеді. Сонымен қатар қолданыстағы несиелерін өтеуге көмек көрсетіледі.
Бұдан бөлек, компания кәмелетке толмаған балалар 18 жасқа толғанға дейін оларды асырау мен білім алу шығындарын өз мойнына алады.
Еске салайық, қайғылы оқиға Ақтоғай ауданындағы Жоламан ауылында орналасқан «Aqtogai Milk» ЖШС-нің сүт фермасы аумағында болған. Жұмысшылар кәріз құдығына орнатылған электр сорғысындағы ақауды жөндеу кезінде қаза тапқан. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.