Балқаш қаласына жаңа әкім тағайындалды
Президент Әкімшілігінің және Балқаш қалалық мәслихаты депутаттарының келісімімен Саян Мұратұлы Балқаш қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлауынша, жаңа әкімді қала активіне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырды. Ол Саян Мұратұлының алдына қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту, абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу және әлеуметтік маңызы бар жобаларды тиімді іске асыру міндеттерін қойды.
Саян Мұратұлы мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2015 жылы Балқаш қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бас маман ретінде бастаған.
Кейін Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында сумен жабдықтау және су бұру бөлімінің бас маманы, кейін бөлім басшысы қызметтерін атқарды.
2022–2024 жылдары Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары болды. Одан кейін Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
2025 жылдың тамыз айынан бастап Балқаш қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасын басқарды.